1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһардың іргесі 1948 жылы қаланған. 1951 жылдан бері кент аталса, 1965 жылдан бастап қала мәртебесін иеленген. Қазір Ақмола облысындағы Ерейментау ауданының орталығы. Қала облыс орталығы Көкшетау қаласынан 440 км қашықтықта орналасқан. Ерейментау арқылы республикалық маңызға ие Нұрсұлтан-Павлодар автомобиль жолы өтеді.
2. Қала атауы жайлы сыр. Шаһардың атауы Ерейментау тауына қатысты деп алсақ, ел аузындағы аңыз бойынша, жоңғарлардың ойда жоқта жасаған шабуылына тойтарыс берген Қанжығалы Бөгенбай батыр қарсы шыққан жаудың батырын найзамен шаншып түсірген деседі.Қалмақ батырының астына мінген тұлпарын іздеп,бірнеше күннен кейін Кәрітау деген жерден Бөгенбай батыр жіберген сарбаз тауып әкеледі. Ерімен бірге табылған тұлпар табылған тау кейіннен «Ерейментау» аталыпты.
3.Ерейментаудағы қазба байлықтар. Бұл жерде таудың баурайындағы жартасты адырлары гранит,кварцит сияқты жыныстардан құралса,кен байлығынан алтын,сурьма,боксит,тұз,әктас,кварц құмы,уран рудасы,тас көмір,молибден,марганец,құрылыс материалдары бар. Ерейментаудың атауының мағынасы - ұсақ адыр,кіші таулар деген ұғымды білдіреді. Ертеде бұл алқапта шалқыған теңіз болыпты,оның түбінде миллиондаған жылдар бойы қатты жынысты тұнбалар жиналып,кейін теңіз тартылғанда әк тасқа, кристалдарға, тақта тастарға, кварцқа, гранитке айналған екен.
4. Ерейментау өңіріндегі жануарлар әлемі. Шаһар өзімен аттас таудың атын иеленгендіктен мұндағы жануарлар әлемі жайлы да мәліметтермен таныстырғанды жөн көрдік. Ертеректе Ереймен далалары мен тауларында жабайы жылқылар,құландар мен тарпаңдар,қызыл қасқырлар мен ірі дала мысығы-қарақалдар мекен еткен. Бүгінде олардың біреуі де жоқ. Дуадақ,бүркіт,безгелдек Қызыл кітапқа енгізілген. Қазір жануарлардың таулық, далалық, ормандық түрлері: арқар, қасқыр, түлкі, қарсақ, құм борсығы, байбақ-суыр, кәдімгі аламан, үлкен қосаяқ кішкене саршұнақ, аққоян, орқоян, аққұлақ, ақсусар, дала күзені, қалқанқұлақ кірпі және су егеуқұйрықтары тіршілік етеді.
5. Шаһардың өткені мен бүгіні жайлы түйін. Ерейментау дегенде ел есіне Қанжығалы Бөгенбай батыр,Үмбетей жырау,Бапан мен Саққұлақ билер,Сәдуақас халфе Ғылмани,Олжабай Нұралыұлы сияқты тарихи тұлғалардың есімі бірден ойға оралады. Тарихына қоса, тау баурайындағы кен қазбалары мен ежелгі дәуірден сыр шертетін балбал тастар мен көне заман жәдігерлері,ескерткіштердің орны бөлек.